ФАО мамандары Батыс Қазақстан облысына мал ауруын анықтау және антибиотиктерді ұтымды пайдалану миссиясымен келді.
2024 жылғы 26 тамызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстан Республикасындағы ұлттық консультанттары Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында мемлекеттік және жеке ветеринария мамандарына арнап бірқатар біліктілікті нығайту дәрістерін өткізді. Аталмыш іс-шаралар OSRO/KAZ/007/USA «Қазақстандағы «Бірегей денсаулық» тәсілін нығайту және микробқа қарсы тұрақтылық пен зооноздық аурулармен күресудегі әлеуетін жақсарту» жобасы аясында өткізіліп, үш негізгі тақырыпты қамтыды:
1. Антибиотиктердің мал шаруашылығындағы қолданылуы және олардың мал организмі мен қоршаған ортаға тигізетін ықпалы;
2. Мал ауруларын анықтау;
3. Ықтимал ауру жұқтырылған шаруашылықтарға бару кезіндегі биоқауіпсіздік шараларын сақтау ережелері.
Мал шаруашылығында антибиотиктерді қолдану бойынша өткізілетін дәрістердің негізгі мақсаты – ветеринария саласынағы микроорганизмдердің микробқа қарсы препараттарға тұрақтылығы проблемасына назар аудару. Ветеринариядағы антибиотиктердің қолданылу аясы адам медицинасында қолданылудан айтарлықтай асып түсетінін атап өткен жөн.
Батыс Қазақстан облысына миссиясы аясында ФАО мамандары Орал қаласындағы жаңа салқындатылған жылқы етін, сиыр, қой етін, сондай-ақ консервіленген өнімдерді шығарумен айналысатын Қазақстандағы ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі болып табылатын «Кублей» ЖШС-де болды. ФАО және Кублей кәсіпорындарының өкілдері өзара ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады.
Оқыту тренингтері ФАО-ның Қазақстандағы байланыс және серіктестік кеңсесі Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қазақстандағы «Бірегей денсаулық» тәсілін нығайту және микробқа қарсы тұрақтылық пен зооноздық аурулармен күресудегі әлеуетін жақсарту» жобасы аясында ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Жоба Қазақстан ветеринариялық қызметін нығайту, мал мен халықтың денсаулығына қауіп төндіретін қауіптерді алдын алу, оны ерте анықтау және әрекет ету бойынша әлеуетті арттыруды қолдау мақсатында жүзеге асырылады.